ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстандағы вакциналау және ревакциналау жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемде омикроннан кейін эпидемиологиялық ахуал нашарлады. Бірқатар елде аурудың өршуі екі айдан астам уақытқа созылды, ал кей елдерде әлі жалғасып жатыр. Халықты вакциналау және ревакциналау жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні вакциналауға жататын ересек халықтың 83% немесе Қазақстан халқының 54% бірінші компонентпен және 52% - екінші компонентпен қамтылған. Белгіленген топтың 55% қайта вакциналанды және ревакциналаумен 3 млн астам адам қамтылған, ал жалпы 5,6 млн қайта вакциналауға жатады», - деді А. Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, күн сайын тәулігіне шамамен 23 000 адам екпе салдырады, 27 000 адамға дейін қайта вакциналанады. Өңірлерде вакцинамен қамту үшін 5 млн жуық вакцина дозасы бар.