Қазақстан Ұлттық Банкінің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Ерұлан Мұстафин елімізде кредитке деген сұраныс артқанын мәлімдеді, деп жазады Ulysmedia.kz.
Банк мәліметінше, шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан кредит алуға сұраныс жоғарылаған.
“ІІ тоқсанда жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, кредиттік ресурстар құнының өсуіне және кредиттеу талаптарының біршама күшейтілгеніне қарамастан, бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс айтарлықтай артты. Бұл көрсеткіш, әсіресе, шағын және орта бизнес арасында жоғары.
Шағын бизнес тарапынан кредитке сұраныстың өсуі банктердің жартысында, әлбетте, ірі банктерде байқалды. Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны тоқсаннан тоқсанға (бұдан әрі – т-т) 19%-ға – 310 мыңға дейін өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері т/т 8%-ға – 23,3 млн теңгеге дейін төмендеді. Өтінімдер санының өсуі, әсіресе, ірі банктердің шағын бизнеске арналған скорингтік онлайн кредиттік өнімдерді белсенді дамытуымен, сондай-ақ осы өнімдерді жекелеген банктердің іске қосуымен байланысты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кредиттеудің қайта жандану үрдісі есепті тоқсандағы сұранысқа оң әсерін тигізді.
Бизнеске кредит беру талаптары біршама күшейді. Бизнеске берілетін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің, ең алдымен, ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін өсуі тоқтаған жоқ.
Келесі тоқсанда жекелеген банктер ірі бизнес тарапынан кредитке сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді, ШОБ бойынша сұраныс индексі орташа есеппен І тоқсанның деңгейінде сақталады. Банктердің көбі келесі тоқсанда бизнеске берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің өсуін күтпейді.
2022 жылдың ІІ тоқсанында бөлшек қарыздарға сұраныс ипотекалық қарыз сегментінде азайды, ал тұтынушылық қарыздарға сұраныс ұлғайды.
Банктер ипотекалық қарыздарға сұраныстың төмендеуін – жеңілдікпен берілетін кредиттерге деген қолжетімділіктің қысқаруымен, сондай-ақ, халықтың негізгі сұранысы өткен тоқсанда 2022 жылғы 1 сәуірден бастап тұрғын үй сатып алу және/немесе жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша жеткіліктілік шегін арттыруға дейін өткен тоқсанда халықтың негізгі сұранысының іске асырылғанымен байланыстырады”, – делінген банк хабарламасында.