Қазақстандықтардың кіріс өсімінің қарқыны баяулады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы халықтың кірісіне тікелей әсер ететін барлық себеп пен факторларды сараптауды ескере отырып әзірленді. Айталық, еңбек нарығына, сонымен қатар кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты ахуалға, халықтың кірісі мен шығысының құрылымына сараптама жүргізілді. Сараптама нәтижесінде оң динамикаға қарамастан, халықтың шынайы кірісінің өсім қарқыны 2019 жылғы 6,4 пайыздан 2021 жылы 5,1 пайызға дейін баяулады», - делінген Үкімет басшысының жауабында.
Премьер-Министрдің пайымынша, бұл жайт 2020 жылы экономика өсімі қарқынының 2,5 пайызға төмендеуімен және инфляциялық қысымның (2020 жылы – 7,5, 2021 жылы – 8,4 пайыз) жоғары болуымен байланысты.
«Орташа және медиандық жалақы арасындағы теңсіздіктің өсуі және айырмашылықтың 1,5 есеге артуы (ЭЫДҰ елдеріндегі айырмашылық 1,13 есе) байқалады. Халық кірісін әркелкі бөлу тенденциясы анықталды. Айталық, кірісі ең төмен халық тобында үй шаруашылығындағы шынай табыстың төмендеуі байқалады және табысы өте жоғары топқа еш әсер етпеген. Халықтың кірісі құрылымында еңбек қызметінен алынатын табыстың азаюы және әлеуметтік трансферттерден табыстың өсуі байқалады. Халықтың жұмыс істеп табатын табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,6 пайыздық тармаққа (2010 жылығы 71,3 пайыздан 2021 жылы 60,7 пайызға дейін) төмендеген. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттер үлесі 10 пайыздық тармаққа (2010 жылғы 15,3 пайыздан 2021 жылдың 3-тоқсанында 25,3 пайызға дейін) өсті», - деді Әлихан Смайылов.