Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында киім өндірісі құндық мәнінде 22,3 млрд теңгені құраған – бұл 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға көп.
Бұл ретте өнеркәсіп өндірісінің индексі небәрі 98,7 пайызға жеткен, бұл осы саланың жұмысы кері кетіп бара атқанын көрсетеді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" energyprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы алғанда, 2019 жылы өндіріс көлемі 42,3 млрд тг жеткен, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 19,8 пайызға көп.
Қазақстан аймақтары арасында киім өндірісі Алматы облысында (4,9 млрд тг), одан кейін Шымкентте (3,3 млрд тг) және Алматыда (3,2 млрд тг) жақсы дамыған.
Өткен жылмен салыстырғанда, өсім Шымкентте (+40,4%), сондай-ақ Жамбыл облысында (36,8%) және Қызылорда облысында (32,8%) байқалған.
Қазақстандық киім тігушілер арасында нәрестелерге арналған киім және аксессуарлар өндірісі айтарлықтай қысқарған – 44 пайыз (7,9 млн теңгеге дейін). Сондай-ақ жемпірлер, пуловер, кардигандар және трикотаждан тігілген басқа да киімдердің өндірісі 40,5 пайызға, 58,1 данаға дейін қысқарды.
Оқушылардың мектеп формасын тігушілер де үлкен шығын көріп отыр. Қазақстанда коронавирус пандемиясы салдарынан мектеп формасын кию талабы алынды, балалар киімін сату 95 пайызға азайған.
Бұл ретте елімізде киім бағасы жылдан жылға қымбаттап барады. Осылайша, 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша, бөлшек сауда орындарында киім бағасы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға өскен.