05 қар, 2018 сағат 11:50

Қазақстанда химиялық кастрация қалай жүргізіледі?

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі педофилдерді химиялық кастрацияға қай өңірлерден сұраным түскені туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Sputnik.

Алғашқы химиялық кастрация Түркістан облысының тұрғынына жасалады.

"Әзірше басқа өңірлерден сұраным түскен жоқ", — делінген денсаулық сақтау министрлігінің жауабында.

Химиялық кастрация дегеніміз не?

Химиялық кастрация – жыныстық құмартуды төмендететін антиандрогендік препаратты ағзаға енгізу. Оны сот шешімінің негізінде медициналық мекеме жүргізеді.

"Медициналық мекемеде препаратты енгізуді медбике ғана жүргізсе, түрмеде пост бақылаушысы да қатысады", — деп түсіндірді денсаулық сақтау министрлігі.

Химиялық кастрация бір рет қана жүргізіле ме?

Химиялық кастрация кезінде адамның денсаулығы үнемі бақылауда болып әрі психотерапиялық жәрдем көрсетіледі.

Зертханалық тексеру жарты жылда бір рет жүргізіліп, ағзадағы гормон деңгейі анықталады.

Химиялық кастрацияны әрі қарай жалғастыру немесе тоқтату шешімін қабылдау үшін комиссиялық тексеру жүргізілуі тиіс.

Химиялық кастрацияға қандай препарат қолданылады?

Қазақстанда химиялық кастрацияны жүргізу үшін "Андрокур-депо" ("Ципротерон") антиандрогендік препараты пайдаланылады.