01 сәу, 2021 сағат 11:43

Қазақстанда қарыз алушыларды оңалтудың жаңа тетігі іске қосылады

8 сәуірде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қарыз алушыларды оңалтудың жаңа тетігі іске қосылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қаржы реттеушісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов бұл саладағы саясат банктердің де, қарыз алушылардың да шектен тыс кредиттік тәуекелдерін болдырмауға, банктерді тәуекелі аз қарыз санаттарына қайта бейімдеуге және қазақстандықтардың жинақталған борыштық жүктемесінің өсуін шектеуге бағытталғанын атап өтті.

Әбдірахмановтың айтуынша, мерзімі өткен борыштың өсуіне жол бермеу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер бойынша айыпақылар мен комиссияларды есептеуге тыйым салу түрінде реттеу шаралары қабылданды. 

Бұл мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар азаматтарға қатысты. 

Сондай-ақ, тұтынушылық кредиттеудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу және кепілсіз қарыздар бойынша халықты кредиттік тәуекелдерден қорғау мақсатында табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды.

«Сонымен бірге, өткен жылдан бастап реттеуші борыштық жүктеменің коэффициентін белгіледі, оған сәйкес, егер кредит бойынша төлемдер қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-ынан асса, банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушыларға тұтынушылық қарыздар беруіне тыйым салынады. Бұл ретте банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін кірістер мен мүлік туралы сенімді мәліметтер негізінде бағалауы қажет болады. Мұнымен қоса, банктер мен МҚҰ-ның тұтынушылық кредиттерді шамадан тыс беруіне жол бермеу үшін капитал резервін 150%-дан 300%-ға екі есеге көбейту түрінде банктердің меншікті капиталының тұтынушылық кредиттерге жеткіліктілік коэффициенттері ұлғайтылды», - деген деректер келтірді агенттік төрағасының орынбасары.

Қабылданған шаралар нәтижесінде банктердің тәуекел тәбеті төмендеген. 

Меншікті капиталға жүктеме орташа алғанда, тұтынушылық қарыздар бойынша 140%-дан 150%-ға дейін өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушы қарыз алушылар саны 112 мың адамға дейін 53%-ға төмендеді, тұтынушылық қарыздардың жалпы өсу қарқыны 4,3%-ға дейін түсті.

«Бұл ретте, тұтынушылық қарыздар бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің деңгейі 6,9%-ға дейін төмендеді, мәлімет бойынша, 2019 жылы бұл цифр 8,6% болды. Халықты кредиттеудің негізгі өсуі ипотекалық қарыз есебінен болды, оларды беру көлемі 2020 жылы 34,3%-ға өсті», - деді спикер.

Сонымен қатар ол агенттік әзірлеген оңалтудың жаңа тетігі туралы айтып берді. 

Егер 90 күннен астам мерзімі өткен кредит өтелген болса, ол қарыз алушыға «оңалтылған» мәртебесін беруді көздейді, бірақ бұл ретте банктер жүйесі жаңа қарыздар беруден бас тарта отырып, мұндай азаматтарды тәуекелі жоғары деп таниды.

«Оңалтудың жаңа тетігі қарыз алушыға кредиттік бюро жүйесіндегі «оңалтылған» мәртебесін беруді көздейді. Бұл мәртебе азаматтардың банктер және басқа кредиторлар алдындағы өздерінің міндеттемелерін адал орындауға бастама болып табылады. Мәртебені алу үшін қандай да бір құжаттар қажет емес, процедураны кредиттік бюро мерзімі өткен борышты өтегеннен кейін 12 ай өткен соң және осы кезеңде өзге мерзімі өткен берешек болмаған кезде жүргізеді», - деді Әбдірахманов.

Агенттік төрағасының орынбасары мерзімі өткен берешегі толық емес, тек ішінара өтелген қарыз алушылардың басқа санаты туралы да айтып берді. 

Банктер әрбір осындай қарыз алушымен кейіннен өтеудің неғұрлым ыңғайлы кестесімен оңалту жоспарын жасау үшін оның төлем қабілеттілігін бағалау бойынша жеке жұмыс жүргізетін болады.

Тиісінше, мұндай қарыз алушылар «оңалтылған» мәртебесін алу оңалту жоспарын орындаған жағдайда және соңғы 12 айда өзге мерзімі өткен берешек болмаған кезде мүмкін болады.

Алған сәттен бастап кредиттерін өтемеген қарыз алушылар санаты үшін де жаңалықтар бар.

Оларға проблемалық берешекті реттеудің сотқа дейінгі жаңа тәртібі қолданылатын болады.

«Соттарға жүктемені жедел шешу және азайту үшін Агенттік сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай құқықтық режимін енгізуді көздейтін заңнамалық нормаларды әзірледі. Жаңа тәртіп шеңберінде банктер осындай қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау жөнінде жеке жұмыс жүргізуге және оңтайландырылған борыш жүктемесі мен борышты өтеудің жаңа кестесін қамтитын кредитор мен қарыз алушы үшін өзара қолайлы оңалту жоспарын жасауға міндетті болады. Заңнамалық түзетулерді қабылдау екі есеге – 180 күннен 90 күнге дейін қарыз алушылардың өтініштерін қарау және олардың проблемалық берешектерін реттеу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді», – деді агенттік өкілі.