14 нау, 2022 сағат 20:15

Қазақстанда қант өндіретін зауыт салуға инвестор табылмай отыр


Қазақстанда қант өндіретін төрт зауыт жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оның екеуі - Жамбыл облысында, қалған екеуі – Алматы облысында жұмыс істейді. Қазір аталған зауыттарды жаңғырту жүргізіледі, сондай-ақ Жамбыл облысында жаңа зауытты іске қосу жоспарланған», - деді спикер орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Өсербай Жамбыл облысында Меркі қант зауытының барлық өнімін өңдеуге 75 күн кететінін атап өтті. 

Бұл шикізат пен қант қызылшасын егу алаңдарының жеткіліксіз болуына байланысты. 

Сонымен бірге, ол үш зауыт шикі қантты өңдеп жатқанын айтты. Жалпы алғанда, зауыттар айына шамамен 50 мың тонна қант өндіре алады. 

«Импортты алмастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Негізгі міндет – қант өндірілетін өз қызылшамызды өсіру. Жыл сайын 350 мың тоннаға дейін қант қызылшасы жиналады. Фермерлерді ынталандыру үшін ауқымды суару бағдарламасы жүргізілуде. 2021 жылы қант қызылшасын сатып алуға шамамен 7 млрд теңге бөлінді», - деді Жеңіс Өсербай. 

Сонымен бірге, Павлодар облысында тағы бір зауыт салу жоспарланып отыр, оның құрылысына әкімдік бастамашы болған. 

Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді, ал зауыттың құрылыс жұмыстары басталған жоқ. Оған бір жылдан бері инвестор іздеп жатыр. 

Айта кетейік, сауда нүктелерінде бағаны көтеру фактілері анықталса, мынадай кері байланыс арналарына хабарласқан жөн: жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер), ҚР Сауда және интеграциялар министрлігі тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің «e-Tutynushy» сайты, ҚР СИМ сауда комитеті және ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.