ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық үшін сотталған лауазымды тұлғалардың статистикасын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, осы уақытқа дейін елімізде 2 Премьер-Министр, 22 министр, агенттік төрағасы мен олардың орынбасары, 17 облыс пен қала әкімі, 11 ұлттық компания басшысы, 8 генерал жемқорлық үшін сотталды.
"Дегенмен соңғы екі жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің саны азайып келеді. Біз оның бәрі жан-жақты насиxат жұмыстарымен тығыз байланысты деп санаймыз. Сосын қоғамдық сана да өзгеріп жатыр. 2016 жылдан бері анықталған жемқорлық фактілерінің саны 23 процентке азайды", - деді О.Бектенов мемлекеттік қызметтің жаңа форматын қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.
Айта кетейік, бүгінгі жиында агенттік басшылығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын оңтайландырудың нәтижесін де жариялады. Олжас Бектеновтің айтуынша, осы уақытқа дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында 250-ге жуық басшылық қызметі қысқартылды. Бұдан бөлек, артық құрылымдар оңтайландырылды. Соның есебінен шұғыл тергеу қызметі күшейтілді.
«Бұрын Ұлттық бюрода басшылар мен қызметкерлердің ара қатынасы 1:2, яғни бір бастықтың қол астында екі адам болса, қазір аталған көрсеткіш дамыған мемлекеттердің деңгейі - 1:8-ге жетті. Сосын құқық қорғаушыларды ашық конкурс негізінде жұмысқа қабылдайтын болды.
Жалпы, Ұлттық бюро бойынша шамамен 1 миллиард теңге үнемделді. Осының нәтижесінде қызметкерлердің жалақысы 2 еседен артық өсті. Бұл жерде президенттік өсімақы да бар. Оған тағы үнемделген қаржының үстемақысы қосылады. Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ең жоғары жалақы алатын құқық қорғау органы болып саналады», - дейді О.Бектенов.