Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мал басына сырғаларды сатып алу функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тағы бір маңызды мәселе - жергілікті атқарушы органдардың жоспарлы вакциналау жүргізу мен бірдейлендіру бойынша тиімсіз жұмысы. Бұл әкімдіктердің ветеринариялық препараттарды, жануарларды бірдейлендіруді жүргізуге арналған биркаларды және қан сынамаларын алу жүйелерін сатып алу және жеткізу бойынша министрліктің жұмысына жоғары тәуелділігімен байланысты. Сатып алу бойынша конкурстық рәсімдердің ұзақтығы, сондай-ақ оларды әкімдіктерге беру кезіндегі бюрократия жануарларды бірдейлендіруді және жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды өткізу мерзімдерінің бұзылуына әкеледі, бұл жауапкершіліктің төмендеуіне көрсетеді», - деді Қарашөкеев.
Оның айтуынша, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында (АШЖБ) 33,3 млн бас тіркелді. Оның ішінде: ірі қара мал - 8,3 млн, ҰҚМ - 20,6 млн, жылқы - 3,4 млн, түйе - 250 мың бас.
«Алайда, өңірлерге құлақ сырғаларының уақтылы жеткізілмеуіне байланысты АШЖБ-ға төлдерді тіркеу 2020 жылы жүзеге асырылмады. Осыған байланысты министрлік «жасыл дәлізді» іске қосу арқылы оларды тіркеуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, 2021 жылдың наурыз-мамыр аралығында қосымша 1,1 млн бас тіркелді. Қолданыстағы бірдейлендіру жүйесінің төмен тиімділігі «жасыл дәліз» шараларын үнемі жүргізуді қажет етті», - деді министр.
Реформа аясында осы жүйенің кемшіліктерін жою үшін мына қадамдар қарастырылған:
1. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін сырғаларды сатып алу функциясын жергілікті атқарушы органдарға беру. Бұл ретте ұйымдастырылған шаруашылықтарға (ШҚ, ФҚ, ЖШС және т. б.) өз қаражаты есебінен, ал жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі жануарлар үшін жергілікті бюджет есебінен жүргізу;
2. Аудандық деңгейде АШЖБ дерекқорына түзетулер енгізу, түзетулер енгізуге арналған алгоритмді және растайтын құжаттар тізбесін бекіту, сондай-ақ тіркелмеген мал басын заңдастыру мүмкіндігі мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және дерекқорды жүргізу жөніндегі нормативтік актілерге бірқатар өзгерістер енгізу.
3. АШЖБ мобильді нұсқасын іске қосу. Бұл жануарларды сәйкестендіруді және алдын алу шараларын уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді.