14 жел, 2022 сағат 10:22

Қазақстанда қандай жобалар бойынша ортақ қызығушылық барын білгіміз келеді - Адани


Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Adani Group компаниясының президенті Гаутама Адани Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаны іске қосу перспективаларын талқылады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Көлік және логистика, энергетика, тау-кен металлургия кешені, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және т. б. салаларда жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды.

Премьер-министр мұның барлығы Қазақстан экономикасы үшін басым бағыттар екенін атап өтті.

"Осы орайда Adani Group-пен ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп санаймыз және сіздің компанияңыздың біздің еліміздегі іскерлік байланыстарды кеңейту ниетін құптаймыз", - деді Әлихан Смайылов.

Ол республикада жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу және жалпы кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын айтты. Сонымен қатар, Үкімет Қазақстанда холдинг жобаларын іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.


Өз кезегінде Гаутама Адани компания бірінші кезекте азаматтық авиация, мұнай-химия секторы, көлік-логистикалық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және "жасыл" сутегін өндіру бойынша жобаларға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

"Біз ұзақмерзімді инвестициялар салуға мүдделіміз және Қазақстанда қандай мүмкіндіктер, қандай жобалар бойынша ортақ қызығушылық барын білгіміз келеді. Белсенді жұмыс істеуге дайынбыз", - деді Адани.

Айта кетейік, Adani Group – 1988 жылы Гаутама Адани негізін қалаған үнді көпұлтты конгломераты. Компаниялар тобы әлемнің 70 елінде бар және активтерінің жиынтық құны $100 млрд-ты құрайды. Конгломерат жұмыс істеген жылдары әлем бойынша 100 мыңнан астам тікелей және жанама жұмыс орнын құрды.


Еске салайық, Гаутама Адани Астанаға 13 желтоқсанда іссапармен келген болатын. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.