12 ақп, 2021 сағат 11:06

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді – Ұлттық банк

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді. Бұл туралы Ұлттық бактің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жүргізілген бағалау нәтижесі бойынша Қазақстанда іскерлік белсенділік екінші ай қатарынан төмендеп келеді. 2021 жылдың қаңтар айында индекс 48,4 (2020 жылғы желтоқсанда – 49,0) болды. 

«Индекстің төмендеуі, көбіне, өнеркәсіптегі көрсеткіштің азаюына байланысты болды,бұнда көрстекіш төмендеу аймағына өтіп, 49,4-ті құрады (2020 жылғы желтоқсанда – 50,3 болған).Қызмет көрсету секторында да индекстің 47,4-ке (2020 жылғы желтоқсанда – 48,0) дейін төмендеуі байқалады.Ал құрылыстағы іскерлік белсенділік өсу аймағына қайта оралып, 51,1 (2020 жылғы желтоқсанда – 49,5) құрады. 

Қаңтарда өңірлер бойынша көрсеткіштер Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жақсарды. Индекстің едәуір нашарлауы Жамбыл,Түркістан облыстарында байқалады. 

Нақты сектор кәсіпорындары қаңтарда бизнес жүргізудің қазіргі жағдайын жалпы теріс бағалады: оң және теріс бағалау арасындағы жауаптар балансы (–)2,6 шегінде қалды.Қазіргі жағдайдың нашарлауы, көбіне, сұраныс пен салық жүктемесінің әсерінен болды. 

Кәсіпорындардың келесі 6 айға күтулері анағұрлым оптимистік көзқараста: болашақ жағдай бағалауы 15,1 құрады.Нәтижесінде қаңтарда бизнес-ахуал индексі 6,0 болды. 

Қаңтарда сауалнамаға 456 кәсіпорын қатысты: құрылыс саласында – 66, өнеркәсіп саласында – 172, қызмет көрсету саласында – 218.