Иллюстрациялық фото: elements.envato.com
"Мечта Маркет" сауда желісіне монополияға қарсы реттеу саласындағы заңнаманы бұзу белгілері бойынша хабарлама берілді. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Тұрмыстық техниканы сату бойынша тауар нарығын талдау аясында "Мечта Маркет" ЖШС, сондай-ақ бәсекелес Arena S ЖШС мен Technodom Operator АҚ-та тауарларды сату бағасы бірдей екені анықталды.
2021 жылғы 1 қаңтардан 20 қыркүйекке дейінгі кезеңде Өскемен қаласында тоңазытқыштарды сату нарығындағы бәсекелестік жағдайына талдау алынды, оның қорытындысы бойынша Аrena S ЖСШ, Technodom Operator АҚ, "Мечта Маркет" ЖШС әрекетінде бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері анықталды", - деді ведомство өкілдері.
Бұл ретте, ведомство мәліметінше, өнім нарығындағы серіктестіктердің жалпы үлесі 35 пайыздан асады, ал әрбір субъектінің үлесі бес пайыздан асады.
"Бағаны ұстап тұру нәтижесінде келісілген іс-әрекетке қатысушылар сатып алушыларға экономикалық орынсыз жағдай жасау мақсатында өзара бәсекелестікті жойды, осылайша, әрқайсы сату көлемінің төмендеу қаупінен сақтанды, бұл олардың мүддесіне сәйкес келеді", - деп түсіндірді департаменттегілер.