Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияларды электронды форматта алу үшін қажетті ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы тиіс. Осындай тапсырманы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Үкімет отырысында берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Қазақстан көптеген пайдалы қазбалардың қоры бойынша әлемде жетекші орын алады. Мысалы, хромның зерттелген қоры бойынша әлемде бірінші орында, уран мен вольфрам бойынша – екінші, мырыш бойынша – үшінші, қорғасын қоры бойынша – төртінші орында тұр. Көмірсутек шикізатын өндіруден Қазақстан 17-орында.
«Экономикамыздың өндіруші секторы жалпы ішкі өнімнің 30%-ке жуығын қамтиды.
Соған қарамастан, еліміздің минералдық-шикізаттық базасын іздеу және толықтыру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру қажет. Сол үшін геология бұл мәселеде аса маңызды рөл атқарады. Геологияны дамыту үшін қатты пайдалы қазбаларды іздеуге жеңілдетілген лицензиялау енгізілді. Шағын геологиялық барлау компанияларына тиісті жағдай жасалды», - деді Ә. Смайылов.
Геология ғылымын дамыту және өңдеу саласын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Президент тапсырмасымен Ұлттық геология қызметі құрылған. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» Ұлттық жобасы аясында «Геология саласын дамыту» бағыты қарастырылған. Жоспарға сәйкес 2026 жылға қарай Қазақстан жерлерін зерттеу жұмыстары 680 мың шаршы шақырымға ұлғайып, жалпы көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға жетеді.
«Ел аумағын кеңінен зерттеу мен әкімшілік кедергілерді жою өндіріс саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артады. Жалпы, елімізде ғылыми-институционалдық база бар. Яғни, геология саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалуда», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Осыған орай, Ә. Смайылов геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы инвесторларға геологиялық мәліметтерді қолжетімді ету үшін ақпараттық жүйе құру қажеттігін айтты.
«Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Цифрлық даму, Энергетика, Индустрия министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін KAZNEDRA платформасын әзірлеу және қолданысқа енгізу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияларды электронды форматта алу үшін қажетті ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы тиіс», - деді ол.
Сонымен бірге Ә. Смайылов барлау және өндіру құқығын алуға мүмкіндік беретін Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын уақтылы жаңарту қажеттігін жеткізді. Сондықтан Индустрия министрлігіне Энергетика және Экология министрліктерімен бірлесіп, бір айда жер қойнауын пайдалануға болатын республиканың барлық аумағын бағдарламаға қосуды тапсырды.
«Үшінші, жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттарды ұзартуға көп уақыт кететіндіктен, ол рәсімді жеңілдету қажет. Индустрия министрлігіне Энергетика, Экология, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, екі апта ішінде әкімшілік кедергілерді азайту бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырамын. Аталған мемлекеттік қызметті цифрландыру қажет.
Төртінші, Ұлттық геология қызметінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде тиісті жедел шаралар қабылдауды тапсырамын. Бесінші, экологтар, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» бірегей жерасты сулары қорының ластануы мәселесін үнемі көтеріп келеді. Осы орайда Энергетика министрлігі аталған су орны аумағында жер қойнауын пайдалануды шектеу мәселесін қарастыру керек. Экология министрлігі барлық жерасты сулары бойынша мониторинг жұмыстарын күшейтсін», - деп тапсырма берді Үкімет басшысы.