Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу байқалып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі сақталуда. Биылғы қаңтар-қазанда сала бойынша өндіріс көлемі 5,3%-ға өсті. 14 өңірде оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Қостанай және Қызылорда облыстарында байқалуда», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, Ә. Ерғалиев өңдеу өнеркәсібінде қарқынды өсу көрсеткен салаларды атап өтті.
«Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 33,6%-ға, машина жасау – 19,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасау – 23,4%-ға, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 59%-ға, сондай-ақ құрылыс материалдары – 9,3%-ға, пластмасса бұйымдары – 36,5%-ға, дайын металл бұйымдары – 16,4%-ға, киім – 11,4%-ға және жиһаз – 11,8%-ға қарқынды өсуді көрсетіп отыр», - деді ол.