01 қар, 2021 сағат 13:16

Қазақстанда электр энергиясын тұтыну күрт артты


Биылғы жылдың үш тоқсанында Қазақстанда электр энергиясын өндіру 83,6 млрд кВт/сағ-ты құрады. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 7,7% көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Электр энергиясын тұтыну - 7%, яғни 2,9 млрд кВт/сағ-қа (Оңтүстік аймақ бойынша 12% жуыққа) дейін артты. 

Қазақстанның үш өңірінде - Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында электр энергиясы артығымен қалып жатса, қалған өңірлерде энергия тапшылығы байқалады. Олардың көбінде тұтыну өндірістен бірнеше есе асып түседі. 

Жарықты тұтыну көлемінің ұлғаюы еліміздің барлық өңірінде тіркелген, ең көбі — Қызылорда (жылына 16,5%), Батыс Қазақстан (14,3%), Ақмола (14,2%), Түркістан (12,7%) және Алматы (11,4%) облыстарында. 

Айта кетейік, электр энергиясын тұтынудың мұндай өсімі өткен жылғы көрсеткіштерден күрт асып түседі. 2020 жылдың ұқсас кезеңінде электр энергиясын тұтыну көлемінің өсімі тек 1,5%, 2019 жылы — 1,6% құраған болатын.

Тек биылғы жылдың қыркүйек айында секторда тұтыну көлемі 8,7 млрд кВт/сағ-ты құрады, бұл 2020 жылдың қыркүйегіне қарағанда 7,5% көп. Ең жоғары жылдық өсім Батыс Қазақстан (28%), Түркістан (15%) және Ақмола (13%) облыстарында байқалды.