Қазақстанда бір жылда электр энергиясы 7 пайызға қымбаттады. Бұл туралы Еnergyprom хабарлады.
«Электр энергиясын ең көп тұтынатын өңірлер - Павлодар, Қарағанды және Алматы облыстары. 2020 жылы елде 107,9 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,9 пайызға артық. Генерация көлемінің басым бөлігі Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі» делінген хабарламада.
Кәсіпорындардың ішінде электр энергиясын ең көп өндіретіні - «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС (19,5 млрд кВт/сағат — бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,4%-ға артық).
Одан кейінгі орындарда «ЕЭК» АҚ (14 млрд кВт/сағат, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,8%-ға артық) және «Екібастұз стансасы ГРЭС-2 (5 млрд кВт/сағат, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 0,9%-ға артық) тұр.
«2020 жылғы желтоқсанда электр энергиясы бір жыл бұрынғыдан қарағанда 6,5 пайызға қымбаттады. Бағаның жылдық өсімі әсіресе елорда, БҚО, Қостанай облыстарында байқалды. Ал Маңғыстау және Шығыс Қазақстанда тариф сол күйінде қалған» делінген хабарламада.