13 қар, 2021 сағат 12:45

"Қазақстанда екінші апта қатарынан азық-түлік қымбаттамады" - Үкімет


Қазақстан үкіметі елде екінші апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің нөлдік өсімі тіркелгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" премьер-министр сайтына сілтеме жасай отырып.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жалпы өсу индексі 0,0 пайызды көрсетті. Қабылданған шаралар есебінен екінші апта қатарынан картоп (-0,4 пайыз), пияз (-1,3 пайыз) және сәбіз (-2 пайыз) бағасының төмендеуі байқалады. Бір апта ішінде қырыққабат бағасының өсу қарқыны 0,1 пайызға төмендеді.

Өңірлерде "айналым схемасын" қаржыландыру 47,9 миллиард теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 95,7 пайызға қамтамасыз етілді. "Айналым схемасы" бойынша тиімді жұмыс Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалады.

Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі баға белгілеу бойынша бәсекелестікке қарсы сөз байласқан іс-әрекеттер белгілері бойынша Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында тауық жұмыртқасын өткізуді жүзеге асыратын 7 құс фабрикасына қатысты тергеуді бастады.

Тауық жұмыртқасы, құс еті және қант нарығы субъектілеріне бағалық сөз байласу белгілерінің болуына және түрлі бағаларды қолдануына қатысты 12 хабарлама жіберілді.

Шығыс Қазақстан облысының көтерме жеткізушісімен монополияға қарсы комплаенстің 1 актісі жасалды. Жалпы, республика бойынша өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенстің 140 актісі жасалды.

Премьер-министр орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және төмендету, сондай-ақ инфляцияның жалпы деңгейін 8,5 пайыз шегінде ұстап тұру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Өңірлер әкімдіктеріне "айналым схемасы" бойынша қаржыландыруды ұсынылған көлемдерге жеткізу, азық-түлік бойынша бес айлық қорды қамтамасыз ету, сауда желілері мен өндірушілер арасында форвардтық келісімшарттар жасасуды уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.

Айта кетейік, жиында қазіргі жағдай мен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және т. б. баяндады.