03 там, 2022 сағат 18:04

Қазақстанда екінші АЭС салынуы мүмкін бе – министрлік жауап берді


Қазақстанда екінші атом электр станциясы алдағы 10 жылда Курчатов қаласына жақын маңда, Ертіс өзені бойында салынуы мүмкін. Бұл туралы орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, құрылысты жүргізуге Балқаш көлі және Ертіс өзені қолайлы алаң саналады.

Оған қоса Балқаштың Үлкен ауылында Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салу жоспарланған.

"Егер Қазақстан көміртек бейтараптығына апаратын жолды таңдаса, онда бірнеше атом станциясын салудан басқа жол жоқ. Ертіс – перспективалы алаң. Бірінші АЭС құрылысы басталып, сәтті іске қосылған жағдайда: "Қазақстанда қанша атом электр станциясы болады?" деген екінші сұрақ туындайды. Екінші АЭС Ертіс бойында, Курчатов қаласы аумағында пайда болуы әбден мүмкін", – деді энергетика вице-министрі.

Бұған дейін энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан жыл соңына дейін бірінші АЭС салудың технологиясына қатысты шешім қабылдайтынын айтқан болатын.