12 қар, 2021 сағат 15:05

Қазақстанда екі жылда 5 банк нарықтан кетті


ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова төлем жасауға қабілетсіз банктерден және проблемалық кредиттерден тазарту жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы банк секторын төлем жасауға қабілетсіз банктерден және жинақталған проблемалық кредиттерден қалпына келтіру аяқталды. Соңғы екі жылда нарықтан 5 банк кетті. 2017 жылдан бастап 8 банктің лицензиясы қайтарып алынды, 3 ірі банк шоғырландырылды. Жалпы алғанда, 2017-2021 жылдары 6,6 трлн теңге сомадағы кредиттер есептен шығарылды», - деді М. Әбілқасымова Қазақстан қаржыгерлерінің IX Конгресінде.. 

Оның айтуынша, банк секторын тазарту нәтижесінде NPL ауқымды анықтамасын сипаттайтын проблемалық және қайта құрылымдалған кредиттер деңгейі 2017 жылғы 40%-дан 2021 жылғы қазанға қарай 10%-ға дейін 4 есе төмендеді. Бұл ретте 90 күннен астам мерзімі өткен NPL өзі 4,3%-ды құрады.

«Жұмыс істемейтін активтерді банктер балансынан есептен шығаруға қарамастан, банк жүйесінің активтері соңғы үш жылда 41%-ға ұлғайып, 35,6 трлн теңгені құрады. 2019-2020 жылдары жүргізілген Активтер сапасын бағалау (AQR) капиталдың қажетті қоры бар екенін жүйелік және жеке деңгейде растады. AQR қорытындысы бойынша 2020 жылы банктердің акционерлері банктерді 128 млрд теңгеге үстеме капиталдандырды, қосымша провизиялар әсері және активтер сапасын жақсарту бойынша шаралар 600 млрд теңге сомаға бағаланды. Нәтижесінде бүгінгі күні банктердің капитал жеткіліктілігі 25% болды, бұл ең аз талаптардан 3 есеге артық», - деді агенттік төрағасы.