03 қыр, 2021 сағат 11:40

Елімізде егін алқаптарының 49 пайыздан астамы жиналды


Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 23 млн гектарды құрады. Бұл көлем 2020 жылмен салыстырғанда 322 мың гектарға артық, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар - 16,1 млн гектар (оның ішінде бидай – 12,9 млн га), майлы дақылдар-3,1 млн гектар, көкөніс және картоп – 473,8 мың гектар, мақта - 109,7 мың гектар, қант қызылшасы –21,7 мың гектар, жем-шөп дақылдары 3,2 млн гектар алқапта орналастырылды. Биыл егін жинау науқаны уақтылы басталды және бүгінде ел бойынша барлығы 7,9 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе жалпы жинау алаңының 49,4 пайызы жиналды», - делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінде. 

Ағымдағы орташа өнімділік гектарына 8 центнер құрап, 6,3 млн тонна астық бастырылды. Егін жинау жұмыстары басталатын уақытқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барлық қажетті техниканы дайындаған.

Жалпы, егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикада 141,7 мың трактор, 73,5 мың трактор тіркемесі, 36,9 мың астық жинайтын комбайн, 12,8 мың дестелегіш бар. 

Республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тонна, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 16,8 млн тоннаны құрайды. Көрсетілген сақтау сыйымдылығы өткен жылдан қалған астық көлемдерін ескере отырып, жаңа егінді сақтау үшін жеткілікті.