Фото:elements.envato.com
Қазақстандағы жанармай құю бекеттерінде дизель отынын тұтынушылардың мәліметтерін тексеру жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Қазір министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, техникалық мәселелерді шешу жолында жұмыс істеп жатыр. Алда дизель отынын тұтынатындардың деректері тіркелетін болады. Бұл жанармайдың осы түрін жергілікті жерде тарату кезінде мүмкін болатын айла-амалдарды болдырмайды. Қыркүйектің ортасында біз бұл модульді барлық жанар-жағармай құю станциялары желілері үшін іске қосамыз", - деді Ақшолақов.
Энергетика министрлігінің басшысы 2022 жылдың тамызында транзиттік вагондардың арзан қазақстандық дизель отынын тұтынуын азайту мақсатында жедел түрде бұйрық қабылданғанын, оған сәйкес дизель отынының шекті бағасы 450 теңге болғанын атап өтті.
"Жүргізуші құжаттарын көрсеткеннен кейін аймаққа байланысты литріне 230-260 теңге көлемінде жанармай құюға құқылы. Жеке көліктер күніне 100 литр дизельді литрін 230-260 теңгеден құйса, жүк көліктері үшін тасымалдау шегі - тәулігіне 300 литр", - деп толықтырды ол.