2021 жылғы 3-тоқсанда дизель отыны мен керосинді тауар биржалары арқылы саудалауды бастау жоспарланған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биыл 17 млн тонна көлемінде мұнай өңдеп, 12,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіруді жоспарлап отырмыз. Отандық мұнай өңдеуді қолдау мақсатында биылғы жылы ашық түсті мұнай өнімдеріне, яғни, бензин, дизель және әуе отынына экспорттық кедендік баж мөлшерлемесі 3 есе төмендетілді. Қазіргі уақытта бензин мен дизель отынын экспорттау кезінде акциз төлеуден босатуға қатысты шаралар қабылдануда», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту жайында баяндаған министр.
Осы ретте ол Президент Жолдауының аясында мұнай өнімдерінің саласында да биржалық сауданы ретке келтіру және жетілдіру бойынша тапсырма берілгенін еске салды.
«Биылғы наурыз айының соңына дейін бензин мен битумды тауар биржалары арқылы саудалауды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте өткізу көлемі «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының аясында министрлік бекітетін ай сайынғы жеткізу жоспарларына сәйкес анықталатын болады. 2021 жылғы 3-тоқсанда дизель отыны мен керосинді тауар биржалары арқылы саудалауды бастау жоспарлануда», - деді Нұрлан Ноғаев.