Елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жан басына шаққанда 133 500 теңгені құрайды.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты С. Қайырбеков атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының басқарма төрағасы Александр Костюк мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Денсаулық сақтау технологиялары әлемдегі өте ауқымды қаражат жұмсалатын саланың бірі. Сонымен қатар аталған салаға зерттеу жүргізу де маңызды. Себебі денсаулық сақтау саласындағы барлық технология бірдей емес және оның пайдасы да әртүрлі. Алдымен оның тиімділігін тексерген жөн. Қазақстанда денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы жан басына шаққанда шашамен 300 долларды (133 500 теңге) құрайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш 40 есеге артық. Әрине, бұл бағытта бізге әлі көп жұмыс істеу керек», - деді Александр Костюк денсаулық сақтау технологияларын бағалауды дамыту мәселесіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау технологиясының бағасы емес тиімділігі маңызды.
«Өйткені, адамдарға технологияның қанша тұратыны емес, оның науқасты емдеп шыққаны керек. Біздің елде денсаулық сақтау технологиясын бағалау 2010 жылдан бастап енгізілді. Өкінішке қарай, бағалау кең көлемде жүріп жатқан жоқ. Сондықтан денсаулық сақтау технологиясын бағалау тиісті нәтиже бере қоймайтыны белгілі. Егер отандық денсаулық сақтау саласына талдау жасасақ, шамамен дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаржыны 20-40 пайызға қысқартып, оны басқа инновациялық жобаларға жұмсауға болады. Бұл жерде әңгіме қолданыстағы маңызды дәрі-дәрмекті қысқартып тастау туралы емес. Алдымен талдау жүргізіп, жағдайды бағалау керек», - дейді ол.