Фото: Polisia.kz
22–26 қыркүйек аралығында ел аумағында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ уытты және күшті әсер ететін дәрілердің заңды айналымын бақылауға бағытталған "Дәрмек" жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Тексерулер нәтижесінде:
-
Қылмыстық кодекстің 303-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды;
-
278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды;
-
Заңсыз айналымнан шамамен 7 мың дәрі-дәрмек және қосарлы мақсаттағы 80 тонна уытты зат тәркіленді;
-
Медицина саласында әкімшілік заңнаманы бұзудың 190-нан астам фактісі тіркелді;
-
202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналып, құрамында есірткі бар 40 мыңға жуық таблетка, 290 мың психотроптық таблетка және 236 мың ампула тәркіленді.
Республика бойынша барлығы 519 медициналық мекеме тексерілді. Өнеркәсіп саласында 60 құқықбұзушылық анықталып, 2 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылды. 20 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексеруден өтті.
Аймақтардағы деректер:
-
Ақтөбе облысында Қытайдан заңсыз жолмен әкелінген 80 тоннадан астам уытты зат тәркіленді. Оның жалпы құны – 86 млн теңге.
-
Шығыс Қазақстан облысында бір ЖШС дәріханаларында "Прегабалин", "Зоника" және "Алиса" дәрілері рецептсіз сатылып, 35 мыңнан астам таблетка тәркіленді.
-
Батыс Қазақстан облысында 40 жастағы тұрғынның үйінен лицензиясыз психотроптық препараттарды сату фактісі анықталды.
-
Қарағанды облысында Астанадан Қарағандыға бағыт алған көліктен жалпы құны 240 мың теңгеден асатын "Тропикамид", "Прегабалин" және "Медазепам" дәрілерінің 82 қаптамасы табылды.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов заңсыз айналымға қарсы күрес азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
