24 нау, 2022 сағат 16:48

Қазақстанда дәрілік заттарды экспорттауға тыйым салынуы мүмкін

Фото: elements.envato.com

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстаннан дәрілік заттарды экспорттауға уақытша тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Құжатқа сәйкес, 6 айға Қазақстан аумағынан кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде фармацевтикалық субстанцияларды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен компоненттерді әкетуге тыйым салу ұсынылады.

Тек мына жағдайларда рұқсат беріледі:

  • Қазақстаннан тыс жерге транзиттік жөнелтілім бойынша тасымалданатын жүктер;
  • тек жеке пайдалануға, жеке тапсырысқа арналған медициналық бұйымдар;
  • халықаралық гуманитарлық көмекке арналған тауарлар;
  • бөлшек сауда шеңберінде жеке тұтыну үшін әкелінетін және сатып алынған тауарлар;
  • тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде алынған дәрілік заттар;
  • сатуға құқығы жоқ көрмелерге арналған үлгілер;
  • зерттеулер мен сынақтарға арналған үлгілер;
  • пайдалану орны бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында өндірілген радиофармацевтикалық препараттар;
  • мемлекеттік тіркеу кезінде сараптамаға алынған үлгілер;
  • пациенттің немесе оның донорының аутологиялық биоматериалдарын пайдалана отырып, жеке қолдануға арналған кеңейтілген терапиялық дәрі-дәрмектер;
  • ЕАЭО кедендік аумағына келетін көлік құралдарының жолаушылары мен экипаж мүшелерін емдеуге арналған дәрілік заттар;
  • халықаралық мәдени, спорттық іс-шараларға қатысушыларды және халықаралық экспедицияларға қатысушыларды емдеуге арналған дәрілік заттар;
  • Қазақстан өндірушілері шығарған, тыйым салынған "СТ-1" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаты бар дәрілік заттар.

Бұйрық жобасы 6 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.