04 сәу, 2022 сағат 18:54

Қазақстанда дәрігерлер мен медқызметкерлер жалақысы 24,7 пайызға өсті


Өткен жылдың соңғы тоқсанында еліміздегі денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы орташа айлық атаулы жалақы 246,2 мың теңгені құрады. Бұл - бір жыл бұрынғы жалақыдан 24,7 пайызға жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

2021 төртінші тоқсанында еліміздегі денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 548,3 адам жұмыспен қамтылған. 

Бұл бір жыл бұрынғы деректен 5,2 пайызға көп. 2020 жылдың дәл осындай кезінде бұл салада 521 мың адам жұмыспен қамтылған еді. 

Өңірлік шекте Алматы облысында аталған секторда жұмыспен қатылғандардың үлесі басым — 68,7 маман. 

Одан кейінгі орында Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы тұр. 

Ал сектордағы жұмыспен қамтылғандардың саны ең азы — Атырау облысы. Өңірде сала мамандарының саны - 13,9 мың адам.

Дегенмен, 2020 жылға қарағанда республикадағы дәрігер тапшылығы 38 пайызға азайып отыр. Алайда, әрбір аудандық ауруханада неонатолог, педиатр, кардиолог, лор-дәрігер және басқа да мамандар жетіспейді. 

2021 төртінші тоқсанында қалаларда денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандар 358,3 мың адамды құрады. 

Ал ауылдарда небәрі 190 мың маман қызмет етеді. 

Өткен жылы денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы орташа атаулы жалақы 246,2 мың теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы жалақыдан 24,7 пайызға жоғары. 

Өңірлер арасында бәрінен де елордалық мамандардың жалақысы жоғары — 316,9 мың теңге. Өсім 12,5 пайызды құрайды. 

Жалақы жоғары өңірлердің үштігіне Алматы қаласы мен Атырау облысы кіреді. 

Денсаулық сақтау саласындағы орташа жалақы 251,5 мың теңге, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 24,1 пайызға көп. 

Оның ішінде аурухана қызметкерлері орташа 263,1 мың теңге, дәрігерлік және стоматологиялық тәжірибе қызметкерлері 236,4 мың теңге, денсаулық сақтау бойынша өзге де қызметпен айналысқан қызметкерлер 229,3 мың теңге алды.