21 қыр, 2022 сағат 14:48

Қазақстанда БЖЗҚ шығындарын тексеру ұсынылды


Мәжіліс депутаттары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кейінгі жылдардағы шығындарының негізділігі мен тиімділігін тексеруді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Amanat фракциясы өз сауалын Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовқа жолдады.

"Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Бүгінде Қазақстанда зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарушы - Ұлттық банк. Ол өзі инвестициялық саясатты жүргізеді және өз қызметін бақылайды. Зейнетақы қорының активтері бірінші кезекте қазақстандықтардың табысының 10 пайызы мөлшеріндегі аударымдарынан тұрады. 2023 жылдан бастап оларға жұмыс берушілерден әрбір қызметкер үшін 1,5 пайыз мөлшерінде қосымша жарналар қосылады. Бұл туралы айтып отырған себебім, зейнетақы - бұл қайырымдылық емес, адамның лайықты құқығы", - деді депутат Аманжан Жамалов.

Ол 9 қыркүйекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен жиында зейнет жасын төмендету қозғалысының белсенділері БЖЗҚ-ға қатысты өз талаптарын айтқанын атап өтті. Сондай-ақ, оның айтуынша, БЖЗҚ қызметінің тиімділігіне халықтың наразылығы өте жоғары.

"2022 жылдың 7 айында БЖЗҚ активтерінің кірістілігі жылдық 9,6 пайыз ғана болған. Ал жылдық инфляция бүгінде 16,1 пайыз болып отыр. Яғни зейнетақы жинақтарының нақты табыстылығы теріс. БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясы жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. БЖЗҚ активтерінің 44 пайызы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынды және БЖЗҚ-ның негізгі кірістілігі қайтадан бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Іс жүзінде олар бюджеттің мойнына мініп, аяқтарын салбыратып отыр, өйткені басқа құралдар бойынша табыстылық жоқ", - деді Жамалов.

Бұл ретте ол жалпы мемлекеттік ұйым бола отырып, БЖЗҚ жабық және ашық емес құрылым болып қала беретінін атап өтті.

"Қаржыгерлер тобы халық ақшасын өз қалтасындағы ақша сияқты басқарады. Іс жүзінде бұл ұйымның миллиардтық кірістері мен шығыстары есеп комитетінің бюджеттік рәсімдері мен бақылауынан шығарылды. Бүгінде БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыстары 13 миллиард теңгеге жетті. Салыстыру үшін, елдегі барлық әлеуметтік саясатқа жауапты бүкіл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жыл сайынғы әкімшілік шығыстары 10 миллиард теңгеден аспайды. Тек БЖЗҚ қызметкерлерінің еңбекақысына 7,9 миллиард теңге жұмсалады. БЖЗҚ құрылымында 1 495 адам жұмыс істейді", - деді ол.

Мәжілісмендер ұсынысы:

  • Есеп комитеті кейінгі жылдардағы БЖЗҚ шығыстарының негізділігі мен тиімділігін тексереді.
  • Үкімет жалғыз акционер ретінде БЖЗҚ-дан бюджетке дивиденд ретінде бөлінбеген 211 миллиард теңге кірісті алып, оларды әлеуметтік мәселелерді шешуге, мысалы, зейнетақыға шығу үшін жеткілікті тәжірибесі мен 58 жаста өз қалауы бойынша зейнетке шығуға жинақтары бар әйелдер санатының мәселелерін шешуге бағыттасын;
  • БЖЗҚ-ны Үкіметтің тікелей құзырына, мүмкін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылауына беру мүмкіндігін қарастыру.