Қазақстанда аралас жекпе-жектің үш федерациясы біріктіріліп, Біріккен қоғамдық бірлестігі - «Қазақстан ММА федерациясының» президенті болып Ғалымжан Есенов сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның аралас жекпе-жек ММА федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион және грэплинг Ұлттық федерациясы, NOMAD MMA федерациясы бір бірлестікке - «Қазақстан ММА федерациясына» бірігіп отыр.
«Өздеріңіз білетіндей, біз Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығын құрып, оның басшылығына Кәрім Қажымқанұлы (Мәсімов - авт.) келген болатын. 2022 жылы «SportAccord» халықаралық конвенциясы аясында біріккен ойын өткізу міндеті тұр. Мұны жүзеге асыру үшін бізге жекпе-жек өнері саласындағы ғана емес, барлық іс-әрекеттерді жүйелеу қажет. Қазіргі таңда біз ұлттық спорт түрлеріндегі күшімізді нығайтудамыз. Шын мәнісінде, министрлік тарапынан олимпиадалық спорт түрлеріне көбірек көңіл бөлініп, жекпе-жек күрес түрлеріне жеткілікті назар аударылмай қалған болатын. Бірақ ендігі кезекті біз сындарлы түрде алға жылжуымыз керек. ММА-ның жоғары жетістіктерге ие екендігін айта келе жаңа мақсаттарға ұмтылуымыз керек», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы министрлікте өткен отырыста.
Министр өз сөзінде тараптар Ғалымжан Есеновті біріккен ММА федерациясының басшысы лауазымына мақұлдағанын айтып өтті.
«Ол - танымал адам. Қазіргі уақытта ол «Алматы марафоны» ірі спорттық іс-шараның ұйымдастырушысы, көптеген жылдар бойы шахмат федерациясын басқарды. Айта кету керек, шахматта, әсіресе біздің қыздарымыз әлемдік рейтингте жетекші орындарға ие. Бұл нәтижелерді біз тіпті елестете де алмаған едік. Ғалымжан Есенов - Кәрім Мәсімов басқаратын Қазақстан триатлон федерациясының вице-президенті. Біздің ұсынысымызды қолдағаны үшін оған алғыс айтқым келеді. Себебі біз жүйелі түрде алға жүруіміз керек. Оның заңгерлік, ұйымдастырушылық тәжірибесі бар», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.