Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, елімізде бензин үшінші жыл қатарынан қымбаттап жатыр. Мысалы, биыл мамыр айының қорытындысы бойынша жанармай 4,7 процентке, ал дизель отынының бағасы бірден 41,5 процентке өскен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Елде бензин мен дизель отынын өндіру көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларында 1,6 миллион тонна жанармай шығарылды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 процентке артық. Сектордағы өсім жетінші жыл қатарынан байқалып отыр.
2022 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша 1,7 миллион тонна дизель отыны өндіріліп, өндіру көлемі екінші жыл қатарынан өсіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,4 процентке артық.
"Ішкі нарықта мұнай өнімдері тапшылығының алдын алу үшін Қазақстанда автокөлікпен бензинді, дизель отынын, сондай-ақ басқа да мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынды. Тыйым алты айға созылды. Кейін 2022 жылдың 21 мамырына дейін ұзартылды. Энергетика министрлігі 2022 жылдың аяғына дейін Қазақстан аумағынан мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салуды ұзартуды жоспарлап отыр", – делінген хабарламада.
Айта кетері, дизель отыны импорты бір жылда 15,3 процентке, биыл бірінші тоқсанда 23 мың тоннаға дейін қысқарған. Экспорт бірден 6 есе, 17,6 мың тоннаға дейін төмендеді. Ішкі нарықта 2022 жылдың қаңтар-наурызында 1,2 миллион тонна дизель отыны сатылды. Ал бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,3 процентке артық.
2022 жылғы мамыр айының қорытындысы бойынша бензин бағасы өткен жылдың мамырына қарағанда 4,7 процентке өсті. Тиісті кезеңдегі өсім осымен үшінші жыл қатарынан байқалады. Дизель отынының бағасы бірден 41,5 процентке өсті, ал бұған дейін екі жыл қатарынан арзандаған болатын.
Жанар-жағармайдың жекелеген түрлерін алатын болсақ, бір жылда:
- жазғы дизель отыны – 24,6 процентке;
- АИ-98 бензині – 9,6 процентке;
- АИ-95/96 – 9,1 процентке;
- АИ-92 – 4, 2 процентке қымбаттаған.
Сондай-ақ АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы орташа бағасы биыл мамырда литріне 178 теңге, АИ-95/96 – литріне 210 теңге, АИ-98 – литріне 232 теңге, ал жазғы дизель отыны литріне 234 теңгеден сатылған.
АИ-92 маркалы бензин Петропавлда (литріне 182 теңге), АИ-95/96 Алматыда (литріне 215 теңге), Аи-98 Қостанайда (литріне 238 теңге) қымбаттады.
Атырауда бензин бағасы арзанырақ: АИ-92 – литріне 168 теңге, АИ-95/96 - литріне 201 теңге, АИ-98 – литріне 227 теңге. Ақтауда АИ-95/96 литріне - 201 теңге, Қарағанды мен Оралда АИ-98 литріне – 227 теңге.
Жазғы дизель отыны Қостанай мен Петропавлда қымбатырақ (литріне 260 теңге), ал Шымкентте керісінше арзан (литріне 225 теңге).
GlobalPetrolPrices.com деректеріне сүйенсек, биыл 6 маусымда Қазақстан бензин бағасы бойынша 170 елдің ішінде 11-орынды иеленді, яғни литріне 0,48 доллар. Ал дизель отыны бойынша 169 елдің ішінде 16-орынды иеленді: литріне 0,55 доллар.
Ең қымбат баға тіркелген әлем елдері қатарында:
1. Гонконг (литріне 2,96 доллар);
2. Норвегия (литріне 2,86 доллар);
3. Дания (литріне 2,73 доллар);
4. Финляндия (литріне 2,68 доллар);
5. Исландия (литріне 2,52 доллар США).
Дизель отыны ең қымбат елдер қатарында Гонконг (2,73 доллар), Швеция (2,68 доллар), Норвегия (2,6 доллар), Монако (2,43 доллар) және Исландия (2,46 доллар).