Тауарлар экспорты 2021 жылғы 41,4 млрд доллардан 2025 жылы 51,5 млрд долларға дейін өседі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылы мұнай өндіру 86 млн тоннадан 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін өседі. Барлық базалық салаларда оң өсім бар. Өңдеу өнеркәсібі жылына орта есеппен 6,7 пайызға, кен өндіру өнеркәсібі 2,9 пайызға өседі. Орташа жылдық өсу қарқыны ауыл шаруашылығында 6,2 пайызды, саудада 5,5 пайызды құрайды», - деді министр.
Оның айтуынша, тауарлар экспорты 2021 жылғы 41,4 млрд доллардан 2025 жылы 51,5 млрд долларға дейін өседі. Импорт 2021 жылғы 36,3 млрд доллардан 2025 жылы 37,8 млрд долларға дейін өседі.
«Әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту, сапалы адами капитал және теңгерімді өңірлік даму болады. Осы макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде тиісті бюджет параметрлерінің болжамы қалыптасты», - деді Р. Дәленов.
Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 6 трлн 926 млрд теңгені, 2022 жылы – 8 трлн 566 млрд теңгені, 2023 жылы – 9 трлн 217 млрд теңгені құрайды.
Кепілдендірілген трансфертті 2021 жылы – 2 трлн 700 млрд теңге, 2022 жылы – 2 трлн 400 млрд. теңге және 2023 жылы – 2 трлн 200 млрд теңге мөлшерінде жоспарланып отыр.
2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту көзделеді.
«Осылайша, болжам бойынша түсімдер 2021 жылы 11,4 трлн теңге, 2022 жылы – 11,8 трлн теңге, 2023 жылы – 12 трлн теңгені құрайды», - деді Р. Дәленов.
Республикалық бюджеттің шығыстары 2021 жылы 14 трлн 049 млрд теңге, 2022 жылы 13 трлн 873 млрд теңге, 2023 жылы 13 трлн 889 млрд теңге көлемінде болжануда.