12 сәу, 2021 сағат 11:55

Қазақстанда бензин мен дизель отынының қоры қанша?

Атырау мұнай өңдеу зауытын 24 сәуірде іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша отын-энергетика кешенін талқылау кезінде ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша 3 млн тоннадан астам мұнай өнімдері өндірілді, бұл көрсеткіш есепті жылдың қаңтар-наурыз айларының жоспарына 96,4 пайызды құрады. Автобензин бойынша көрсеткіш 1,1 млн тоннаға жетті, яғни жоспар 94,5 пайызға орындалды. Өндірілген дизель отынының көлемі 1 млн тонна, бұл есепті айлардың жоспарына 89,7 пайызды құрады», - деді министр. 

Оның айтуынша, ағымдағы жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай өнімдері қорының деңгейі жеткілікті, яғни 25 күнге жететін бензин, 27 күнге жететін дизель отынының қоры бар. 

«Аталған көрсеткіштердің төмендеу себептері ағымдағы жылдың қаңтар айында Атырау мұнай өңдеу зауытында электр энергиясын жеткізуде пайда болған іркіліске байланысты. Бұл технологиялық қондырғылардың (каталитикалық крекинг және онымен байланысты қондырғылар, каталитикалық риформинг, бензин мен дизельді гидротазалау, күкірт өндіру қондырғыларының) авариялық тоқтауына әкелді, соның салдарынан жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындады», - деді Н. Ноғаев. 

Осы орайда алғашқы жоспар бойынша жөндеу жұмыстарын 4 сәуірде аяқтап, зауытты толық қуатына шығару 10 сәуірге жоспарланған болатын. Ақауларды анықтау барысында қосымша жөндеу шараларын қабылдау қажет екені анықталды. Аталғандарды ескере отырып, Атырау мұнай өңдеу зауытын 24 сәуірде іске қосу жоспарланып отыр. 

«Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғыларын жөндеу барысында елімізде мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» ҰҚ-мен бірлесіп, Шымкент мұнай өңдеу зауытында 25 наурыз – 10 мамыр арасында жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімдерін 1 мамыр-10 маусымға ауыстыру туралы шешім қабылдады», - деді министр.