Елімізде баспана кезегінде 590 мың азамат тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда үйді басқару туралы шешім қабылдауда мүлік иелерінің белсенділігі төмендегені байқалады. Бұған себеп - дауыс беру рәсімінің қиындығы және электрондық қызметтердің шектеулі болуы. Осы ретте электрондық дауыс беру тәсілдерін кеңейту қажет. Бұл сервистік компанияларды таңдау рәсімін оңайлатады. Осылайша, бәсекелестік ортаны қалыптастыру және қызметтер құнының ашықтығын қамтамасыз ету арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы сервистік қызметтер бағасының өсуін тежеуге болады», - деді вице-министр.
Жалпы, оның атап өтуінше, азаматтардың тұрғын үй мәселелері - өте өткір және әлеуметтік маңызды.
«Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 590 мың азамат тұр. Оның ішінде 69,3 мың әлеуметтік осал жағдайдағы азаматтар бар. Осы мұқтаж жандарды қолдау үшін оларға мемлекет қаражаты есебінен нарықтан баспананы жалға алу құнының жартысын өтеу ұсынылады. Инфрақұрылымдық жобаларды одан әрі іске асыру үшін 160 мыңға дейін жеке жер учаскесіне қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізіледі», - деді Марат Қарабаев.