Қазақстанда баспана бағасы бесінші жыл қатарынан қымбаттап келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрғын үй бағасы қатарынан бесінші жыл өсіп келеді. Бағаның төмендеуі 2016 жылы ғана тіркелді. Ол кезде жаңа тұрғын үй 3,6% арзандады. 2017 жылы қайта сату нарығындағы шаршы метрдің бағасы 1,6% төмендеді», - делінген ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінде.
Дерекке сүйенсек, былтырғы сәуір мен биылғы сәуір аралығында пәтерлерді қайта сату бағасы – 27,7%, жаңа тұрғын үйлерді сату құны 20,3% қымбаттады. Ал абаттандырылған баспананы жалға алу төлемі 22,2% көтерілді.
Бір айдың ішінде, яғни 2022 жылғы наурызға қарағанда қайта сатуға қойылған баспана құны 1,8% өсіп, шаршы метріне 459 137 теңгені құрады.
Жаңа тұрғын үйді сату және абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі сәуірде 0,8% жоғарылап, шаршы метріне тиісінше 412 315 теңге және 3 561 теңгені құрады.