Қазақстанда бағалы металдың заңсыз айналымы бағытында жауапкершілікті күшейту керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау кезінде айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2016 жылдан бері министрлік тұрақты негізде бағалы металдар айналымы, оны заңсыз шығару мен қай өңдеуге қатысты жаңапкершілікті күшейтуге бастамашылық етті. 2018 жылы Ақмола облысындағы кәсіпорындарда асыл металдарды жымқыру жағдайы болды. Біз сол кезде де бұл мәселені көтерген едік», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осы қылмыс үшін жауапкершілік күшейтілген елдердің тәжірибесін айтты.
«ЕАЭО-ның елдерінде бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, Ресейде бағалы металдың заңсыз айналымына 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Осы әрекеттер ірі көлемде немесе ұйымдасқан қылмыс түрінде жасалса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Осыған ұқсас бап Беларусь заңнамасында қарастырылған. Ал бізде бағалы металдың заңсыз айналымы үшін әкімшілік жауапкершілік ескерілген. Елімізде бағалы металды ұрлау мен оның заңсыз айналымы жыл сайын артып келеді», - деді Нығматулин.
Осы орайда ол қылмыскерлерді әкімшілік қамауға алу немесе 17 АЕК сомасындағы айыппұл тоқтата алмай жатқанын атап өтті. Себебі алтынды заңсыз өндіру, сатып алу, заңсыз саудалау табысты болып тұр.
«Ішкі істер министрлігі де, Бас прокуратура да жауапкершілікті күшейтуге қарсы емес. Бұл ретте министрлік (ҚР ИИДМ) қай тарапты қолдап тұр деген сауал туындап отыр. Неге қажетті қадамдар жасалмаған? Өкілетті орган ретінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бағалы металдың заңсыз айналымы үшін жазаны күшейтуге бірінші кезекте мүдделі болуы тиіс. Сіздерге бұл проблеманы айтып қана қоймай, тиісті ұсыныс енгізу керек», - деді Мәжіліс төрағасы.