02 там, 2018 сағат 15:37

Қазақстанда әзербайжандық қылмыс әлемінің «серкесі» ұсталды

Қазақстанда тұрып жатқан әзербайжан диаспорасынан шыққан кәсіпкерлерді бопсаламақ болған ұрылар әлемінің серкесі ұсталды.  Бұл туралы ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

«ҚР ІІМ, ҰҚК және Ақмола облыстық ІІД қызметкерлері Щучинск қаласындағы қонақ үйлердің бірінінің нөмерінен Грузия мен Әзербайжан аумағында қылмыстық іс-әрекетпен айналысқан, өзін «вор в законе»  кастасына қатысты санайтын Әзербайжан Республикасының азаматын қолға түсірді. Ұсталған адамнан оғы бар тапанша, граната және есірткі заттары тәркіленді», - деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, күдікті Қазақстанға Тбилисиден әуе рейсімен келген.

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол туған-туысы Грузия мен Әзербайжан Республикасында тұратын әзербайжан диаспорасынан шыққан кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысуды жоспарлаған. Ұсталған адам уақытша оқшаулағышқа қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді Алмас Садубаев.