Республикадағы астық сақталатын жалпы сыйымдылық 27,5 миллион тоннаны құрап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік элеваторлардың жаңа астық өнімін қабылдауға дайындығына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Республикадағы астық сақталатын жалпы сыйымдылық 27,5 миллион тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12 миллион тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 15,5 миллион тоннаны құрайды. Көрсетілген сақтау сыйымдылығы өткен жылдардағы ауыспалы қалдық көлемін ескерсек, болжамды түсімді сақтау үшін жеткілікті» - деді Ербол Қарашөкеев.
Оның айтуынша, қазiргi кездегi басты мiндет – өсiрiлген өнiмдi ысырапсыз жинау.
«Қазгидромет болжамы бойынша күзде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын қалыпты мөлшерде болады, солтүстік-шығыста қалыптыдан жоғары мөлшерде болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Осыған байланысты әрбір қолайлы күнді тиімді пайдалану, жұмысты тоқтатпау, мүмкін болса, егін жинайтын техниканың екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру арқылы өнімділікті жоғарылату шараларын қолдану керек. Облыстар әкімдерінен бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды сұраймыз», - деді Ербол Қарашөкеев.