12 шіл, 2018 сағат 16:09

Қазақстанда алғашқы "Ақылды үй" пайдалануға берілді

Бүгін Маңғыстау облысы әкімдігі мен "Қазақтелеком" АҚ тұрғын үйлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге арналған инновациялық өнім – "Ақылды үйді" таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа сервистің тұсаукесеріне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев қатысты. "Ақылды үй" нақты уақыт режимінде үйде болып жатқан жағдайларды бақылауға, оқыс оқиғалар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. 

№35 үй Ақтаудың 15-ші ықшамауданында орналасқан. Бұл күзет және өрт қауіпсіздігінің интеллектуалды  датчиктері іске қосылған Қазақстандағы ең алғашқы "Ақылды үй" болды. 

"Ақылды үйдің" жүйесі сымсыз бейнекамера, қозғалыс, есіктің ашылу датчиктерінен тұрады. Детекторлар қозғалысқа, есік немесе терезенің ашылғанына, бір нәрсенің жанып жатқанына лезде әрекет етеді, ал бейнекамера оқиғаны тіркеп, фотоесеп жібереді. Үй иесі туындаған қиындықтан  смартфонға орнатылған мобильді қосымша арқылы хабардар болады", — делінген хабарламада. 

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, пәтер иелеріне жабдықты сатып алудың қажеті жоқ, өтінім бойынша "Қазақтелеком" АҚ жабдықты өздері әкеліп, орнатады, құрастыру уақыты 40 минуттан аспайды.

"Ақылды үй" пәтердің кешенді қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғындар қаскүнемдердің үйге кіруі немесе үй иесі жоқ кезде болатын апат туралы алаңдамайтын болады. Жүйе ұялы телефонға хабарлама жіберіп, кез келген қиындық туралы лезде ескертеді, пәтерде нақты не болып жатқанын және көмек шақырудың қаншалықты қажет екендігін мобильді қосымша арқылы кіріп, көре алады", — деп мәлімдеді баспасөз қызметіндегілер.  

Сондай-ақ, 35-ші үйдің тұрғындары қазақстандықтар арасында кеңінен қолданылатын "Бұлтты бейнебақылау" қызметіне қосыла алады. "Бұлтты бейнебақылау" қызметі абоненттерге өз үйінің жанында және подъезде болып жатқан оқиғаларды нақты уақыт режимінде ұялы құрылғы немесе дербес компьютердің көмегімен бақылауға мүмкіндік береді. 

Кездесу барысында тағы бір жаңа өнім – "Ақылды ТКШ" қызметі таныстырылды. Пәтерлер мен үйлерге күн сайын тұтынылған судың, газдың, электр энергиясының немесе жылудың саны туралы ресурстық компанияға хабар беріп отыратын "ақылды" құралғылар орнатылады.