31 нау, 2022 сағат 23:41

Қазақстанда әлеуметтік желілердің бұғатталуы мүмкін бе?


Қазақстандықтар үшін әлеуметтік желілерді бұғаттау қаупі бар ма? Аталған мәселеге қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда әлеуметтік желі деген жақсы бір құрал. Біраз адамдар әлеуметтік желі арқылы нәпақа тауып отыр. Кейбір адамдар сол арқылы өзін танымал етіп жатыр, ал біреулер ол ермек. Бір ғана Instagram-ның өзінде 8 млн адам отыр. Елде ауқымды реформалар жүріп, таңдау жүріп жатқан кезде ешбір есі дұрыс саясаткер әлеуметтік желіні бұғаттауға бармайды. Оны бұғаттауға жол бермейді», - деді Айдос Сарым елімізге танымал журналист Бүбігүл Жексенбайға берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, ел Үкіметінің әлеуметтік желідегі дүниені жеке дара алып тастайтын еш мүмкіндігі жоқ. 

«Ол мүмкіндік компания иелеріне тиесілі. Әр әлеуметтік желінің өз талабы мен заңы бар. Біздің Үкімет немесе сот сол әлеуметтік желі талабына кереғар контент туралы ескерте алады. Елімізде соңғы болып жатқан оқиғалар дәстүрлі медиаға деген сұранысты арттыратын сияқты. Facebook, Instagram-ның да уақыты өтеді. Мысалы, қазір елдің біразы Tik-Tok-қа ығысып жатыр. Бұл бәсекелестік орта, әлі талай жаңа дүние шығар», - дейді ол.