07 қыр, 2021 сағат 13:00

Қазақстанда әлеуметтік маңызды сауда алаңдарындағы баға деңгейі тексеріледі


Әлеуметтік маңызы бар тауар нарықтары бойынша тексеру іс-шараларының жаңа қадамдары басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Агенттік барлық әлеуметтік маңызы бар тауар нарықтары бойынша тексеру іс-шараларының жаңа кешені басталғанын хабарлайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай және құрылыс материалдары нарықтарынан басқа, бұл - ұялы байланыс, интернет қызметтері, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, зертхана қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, домофондар, лифт, басқарушы компаниялар, биллингтік қызметтер нарықтары. Төлем ұйымдары қызметтерінің бағаларын, әсіресе коммуналдық қызметтерге, мемлекеттік монополиялар қызметтеріне, мемлекеттік және жекеше операторлардың қызметтеріне ақша аудару кезінде төмендету бойынша шаралар қабылданатын болады», - деді Жұманғарин. 

Оның айтуынша, шағымдардың көптігіне байланысты, мұнай өнімдерін, сұйытылған газ, электр энергиясын өткізу кезінде тауар биржаларын қоса алғанда, барлық маңызды жұмыс істеп тұрған сауда алаңдары бағалық сөз байласу және сауда-саттыққа қол жеткізуді шектеу тұрғысынан тексеріледі. 

«Осылайша, халық үшін барлық маңызды тауар нарықтарында бағаларды кешенді төмендету жұмыстары жалғастырылатын болады», - деді агенттік басшысы.