Мәжілістің жалпы отырысында «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасы Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың басында берген тапсырмаларын және мемлекеттің басқа да шұғыл міндеттемелерін іске асыруға бағытталған. Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге артып отыр», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды:
- бюджеттің өз кірістері -1,1 трлн теңге;
- Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт - 1,6 трлн теңге.
«Бұл ретте Ұлттық қордың түсімдері мен шығыстарының теңгерімі жыл соңында оң болады деп болжанады. Кірістері мен шығыстарының қайта қаралуын ескере отырып, 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Бюджет түсімдері 2,7 трлн. теңгеге ұлғая отырып, 15,8 трлн теңгені құрайды. Тапшылық Жалпы ішкі өнімге 3,3% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 2,7 трлн теңгеге өсе отырып, 18,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Президенттің тапсырмаларын іске асыруға 1,8 трлн теңге бағыттау ұсынылып отыр. Бұл күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын көтеруге, өңірлер мен бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономиканы диверсификациялауға арналған шығыстар.
«Бюджетті нақтылау нәтижесінде нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтілді. Бұны бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Яғни шығыстар өсімінің басым бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға көзделген. Бұл 1,3 трлн теңге. Тиісінше, шығыстардың жалпы көлеміндегі осы бағыттың үлесі 5 пайыздан астамға ұлғайды. Нәтижесінде, аталған салаға арналған шығыстар 3,4 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 17,9% мөлшерінде жоспарланып отыр. Осындай ынталандыру орта мерзімде елдің дамуына мультипликативтік әсер етеді. Бұл бюджет кірістерінің қарқынды өсуіне негіз болып табылады», - деді министр.
Атап айтқанда, әлеуметтік блоктың шығыстары 581 млрд теңгеге ұлғайтылды және 8,6 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 46%-ы деңгейінде жоспарлануда.
Күш құрылымы шығыстары 446 млрд теңгеге өсіп, 2,2 трлн теңге сомасында жоспарланған.
«Жалпы көзделген шығыстардың 30%-ға жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетін болады. Олардың жалпы сомасы 818 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге. Нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3%-ы бағытталатын болады», - деді Жамаубаев.