05 мам, 2022 сағат 16:42

Қазақстанда Агробанк құрылмайды


Қазақстанда Агробанк құру мақсатқа сай келмейді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта «Байтерек» ҰБХ» АҚ холдингтік компания ретінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар болып табылатын және тиісінше қаржы-несие қызметін реттейтін уәкілетті мемлекеттік органдардың нормативтік актілерін, сондай-ақ ішкі ережелерді басшылыққа алатын, ауыл шаруашылығындағы түрлі жобаларға кредит беруді жүзеге асыратын, өзінің мамандандырылған еншілес компанияларының қызметі арқылы ҚР агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырады. Бұл ретте «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компаниялары қазірдің өзінде АШТӨ-ге банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге тиісті лицензия негізінде кредит беру және лизинг қызметтерін ұсынады», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында. 

Сонымен қатар Премьер-Министр мамандандырылған банктер өзінің функционалы бойынша көптеген банк операцияларының барлығын орындамай, экономика салаларына (аясына) қызмет көрсетуде өз қызметін шектейтіндігін алға тартады.

«Бұдан басқа, банктің тар мамандануы тәуекелдердің жоғары шоғырлануын (тәуекелдер әртараптанбайды) болжайды. Ал салымшылар қаржылық қызметтердің толық спектрін алуға болатын әмбебап банктермен жұмыс істеуді қалайды. Яғни мамандандырылған мемлекеттік кооперативтік банк халықтың депозиттерін тарту қиындығына тап болады. Нәтижесінде табысы төмен және жоғары әртараптандырылмаған тәуекелдермен бірге мамандандырылған мемлекеттік кооперативтік банктің қаржылық жай-күйінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатын одан әрі салуды талап етеді. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Агробанк құру мақсатқа сай емес деп есептейміз», - деді Әлихан Смайылов.