ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай астық пен ұн өндірісі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикада 9,1 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың қоры бар. Республика бойынша барлығы 7,4 млн тонна бидай, 1,1 млн тонна арпа, 144 мың тонна жүгері дәні және 22,9 мың тонна қара бидай бар. Азық-түлік бидайының қорлары ішкі тұтыну үшін де, қазіргі маркетингтік маусымның соңына дейін экспортқа жөнелту үшін де жеткілікті», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Жеңіс Өсербай елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры туралы айтып берген еді.
Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, 12 наурыздағы жағдай бойынша республикада барлығы 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бар.
Оның ішінде ұн – 144 мың тонна, қант – 90 мың тонна, күріш – 39,3 мың тонна, макарон – 21 мың тонна және шамамен 900 мың тонна көкөніс өнімдері және басқалары бар.
Сонымен бірге, Қазақстанда шамамен 90 мың тонна қант қоры бар және республика қантпен толық қамтамасыз етілген.