11 қар, 2021 сағат 14:05

Қазақстанда 9 су тұщыту зауыты салынады


Қазақстанда 9 су тұщыту зауыты салынады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің солтүстік бөлігінде, әсіресе географиялық тұрғыда тұщы су көздері жоқ Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы ауылдарды ауыз сумен жабдықтау негізінен топтық су құбырлары есебінен жүргізіледі. Халыққа сапалы сумен жабдықтау қызметін көрсету үшін тозығы жеткен топтық су құбырларын жаңарту қажет», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында. 

Мәселен, бірінші вице-министрдің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар ауылын сумен қамтып отырған топтық су құбырлары 1961-1978 жылдары салынған және жаңартуды талап етеді. Ал Маңғыстау облысының тұрғындары «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырының және тұщытылған теңіз суын қолданып отыр. Ал олардың жиынтық қуаты тәулігіне шамамен 150 мың текше метр ғана. 

«Жаз мезгілінде ауыз ту тапшылығы байқалады және ол тәулігіне 51 мың текше метрді құрайды. Өңірдің даму деңгейін ескерер болсақ, 2025 жылға қарай су қажеттілігі тәулігіне 250-260 мың текше метрге жетеді. Бұл мәселерді шешу үшін алдын ала болжамды құны 247 млрд теңгеден асатын 9 су тұщыту зауытын салуға бағытталған ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр», - деді Қайырбек Өскенбаев. 

Кендірліде құны 87 млрд теңге болатын су тұщыту зауыты салынады.

«Мемлекет басшысы 2024 жылдың соңына дейін Кендірліде тәуліктің қуаты 50 мың текше метр болатын су тұщыту зауыты құрылысын аяқтауды тапсырды. Осыған орай, мүдделі мемлекеттік органдармен, Маңғысту облысының әкімдігімен және «Самұрық-Қазына» АҚ-пен бірлесіп аталған тапсырманы орындау жөнінде жол картасын әзірледік. Әзірленген жол картасына сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстарын 2022 жылдың қарашасында бастап, 2024 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.

Оның атап өтуінше, жобаға «ҚазМұнайГаз» АҚ тапсырыс беріп отыр. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемеге арналған мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Қорытындыға сәйкес, жобаның жалпы құны 87,7 млрд теңгені құрайды.

«Жобаны жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асыру көзделген. Қазіргі уақытта жобаның әлеуетті инвесторымен келіссөз жүргізілді. Жоба уақытылы аяқталады», - деді бірінші вице-министр.

«Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. 

«Бүгінде министрлік әкімдікпен бірлесіп, бюджеттік бағдарламалар аясында Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұған қоса, жеке инвесторлар есебінен «Қаражанбас» кен орнында қуаты 17 мың текше метр болатын су тұщыту зауытының құрылысын аяқтау жоспарланған», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.

Оның атап өтуінше, аталған жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырымен қамтамасыз етіліп отырған Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау аудандары және Жаңаөзен қаласы тұрғындарының бір бөлігі ауыз сумен қосымша қамтылатын болады.