ҚР Әділет министрі Қанат Мусин елімізде баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген ана-аналардың санын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шамамен 8 мың ата-ана алимент төлемейді. Олардың екіден, үштен балалары бар. Яғни, сан еселеп өседі. Мұны аз деп айта алмаймын, өте көп. Себебі де көп, борышкердің шынымен ақшасының болмауы мүмкін. Алимент төлегісі келмей одан жалтаруы да ықтимал. Осы мақсатта түрлі қулыққа барып, жұмыс орындарын көрсетпейді. Жалақыларын төмен көрсетіп, тіпті сот орындаушыларынан жалтарып та жүреді», - деді министр бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, мемлекет барлық тәсілдер арқылы бұл проблеманы шешуге тырысып келеді. Мәселен, осындай іспен айналысатын сот орындаушылары ынталандырылып отырады. Әрбір алимент ісі бойынша сот орындаушысына мемлекет жылына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төлейді. Бұл істе сот орындаушыларына да қатаң талап қойылады. Егер сот орындаушысы алиментті өндіріп алу бойынша нақты атқарушылық іс-қимыл жасамаса, онда лицензиясынан айырылады. Сонымен қатар министр төлем жасаудан жалтарып, түрлі жол іздейтін борышкерлердің де бар екенін жасырмады.
«Сот орындаушылары оларға барынша кедергі келтіруге тырысады. Бірақ, кейде оған мүмкін болса, енді бірде ондай мүмкіндік болмай қалады. Дегенмен, төлем жасамайтындар анықталып жұмысқа орналастырылады. Өткен жылы біз 2,6 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастырдық. Олар жалақы алып, алименттерін төледі. Алимент төлемейтіндер тек біздің ғана проблемамыз емес. Ол барлық жерде, оның ішінде Қазақстанда да болды әрі бола да береді», - деді Қанат Мусин.