Шағын және орта кәсіпкерлер үшін кредиттерді төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сонымен қатар ол ШОБ субъектілері үшін 1 сәуірден 1 маусымға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын барлық салықты төлеу мерзімі кейінге шегерілгенін атап өтті. Бұл бизнеске шамамен 200 миллиард теңгені сақтауға мүмкіндік берді.
Салық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтатылды.
"Бұл кәсіпкерлерге айналым капиталын толтыру үшін қосымша 279 миллиард теңгені жұмсауға мүмкіндік жасайды", - деді Мамин.
Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы жаңартылған кешенді жоспардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар бизнесті салықтық ынталандыру жөніндегі заңнамалық түзетулер пакеті қабылданып, 1 маусымға дейін Парламентте тиісті жұмыс жүргізілуге тиіс екенін айтты.