Сурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстанда 2018 жылғы наурыздан бері алғаш рет қайталама тұрғын үй нарығында баға төмендеді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Бюро мәліметінше, бір ай ішінде (2022 жылғы желтоқсаннан қарашаға дейін) пәтерлерді қайта сату құны 1,5 пайызға төмендеген.
"Астанада (5,1 пайызға), Шымкентте (2,7 пайызға) және Ақтауда (1,6 пайызға) баға төмендеген. Сондай-ақ, желтоқсанда абаттандырылған тұрғын үйді жалдау ақысы алдыңғы аймен салыстырғанда, 1,6 пайызға төмендеді. Жаңа тұрғын үйді сату бағасы, керісінше, 0,4 пайызға қымбаттады", - делінген хабарламада.
Бір жыл ішінде (2022 жылғы желтоқсан мен 2021 жылғы желтоқсанды салыстырғанда) қайталама нарықтағы пәтер бағасы 21,6 пайызға, жаңа тұрғын үй бағасы 15,6 пайызға өскен. 2022 жылғы желтоқсанда абаттандырылған тұрғын үйді жалдау ақысы 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 45 пайызға өскен.
Өңірлер арасында бастапқы тұрғын үй нарығындағы баға жылдық мәнде айтарлықтай өсті: Ақтөбеде 29,3 пайызға, Ақтауда 26,6 пайызға және Семейде 22,3 пайызға. Қайталама нарықта мына өңірлерде баға өскен: Семей (49,6 пайыз), Ақтөбе (42,4 пайыз), Қызылорда (39,8 пайыз), Ақтау (39,3 пайыз), Талдықорған (32,9 пайыз), Қостанай (32,4 пайыз). Ал тұрғын үйді жалға беру нарығында мына қалаларда баға көтерілген: Алматы (70,5 пайыз), Қостанай (54,6 пайыз) және Қарағанды (53,1 пайыз).