17 нау, 2020 сағат 10:53

Қазақстанда 200 мың жұмыс орны ашылады — Нұрымбетов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.  

Министр атап өткендей, сыртқы нарықтардағы жағдай Қазақстандағы еңбек нарығына белгілі бір сын-тегеуріндерді тудыруы мүмкін. Оның ішінде жұмыскерлердің босатылу мүмкіндігі, жаңа құрылатын жұмыс орындары санының азаюы, жұмыссыздық деңгейінің өсуі бар.

«Елімізде осындай кері әсерлерді болдырмау мақсатында жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған дағдарысқа қарсы жаңа шараларды қамтитын Жол картасы әзірленіп жатыр», — деді Б. Нұрымбетов.

Жол картасында 2009-2010 жылдары оң нәтижесін берген, жұмыссыздар санының өспеуіне әсер еткен әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шаралары көзделеді.

Сонымен, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін, республикалық және коммуналдық меншіктегі ТКШ нысандарын, инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, ағымдағы жөндеу және қайта жаңарту, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру ұсынылады. Жаңғырту қажеттілігі мен инфрақұрылымдық жобалар тізбесі «Атамекен» ҚР ҰКП өткізген өңірлердің проблемалық мәселелерінің скрининг нәтижелерін ескере отырып анықталатын болады.

Б. Нұрымбетов инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру шарттарын атады:

  • реконструкциялау, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру жұмыстары кезінде жұмысшылардың кемінде 50%-ы халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы тартылады;

  • отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жобаларды іске асыру кезінде тауар мен көрсетілетін қызметтің үлесі кемінде 90% болуы тиіс.

Бұдан өзге, іріктеу кезінде көп жұмыс күшін талап ететін, жұмыспен қамтылуының ұзақтығын қамтитын жобаларға басымдық беріледі және жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылған жұмысшылардың жалақысы 85 мың теңгеден төмен емес мөлшерде белгілеу шарты қойылады.

Жол картасын іске асыруға бөлінетін қаражаттың жалпы лимитін жұмыс күшінің санына байланысты өңірлер арасында бөлу ұсынылады.

Жергілікті әкімдіктер тиісті салалық орталық мемлекеттік органдардың келісімі бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іріктейтін болады. Инфрақұрылымдық нысандардың тізбесі ҚР Үкіметінің қарауына шығарылады. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ААЖ арқылы жұмыс орындарын құруға және жұмысқа орналастыру фактілеріне мониторинг жүргізетін болады.

«Жалпы, Жол картасы мен басқа да шараларды жүзеге асырудың арқасында қосымша 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылатын болады», — деп хабарлады министр.

Бұдан өзге, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының әлеуеті толық пайдаланылатын болады. Биыл 735 мың адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден осы жылға 123 млрд теңге қарастырылған.

Б. Нұрымбетовтың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін микрокредиттер мен гранттар берудің шарттары мен тәртібі жеңілдетілді. Қосымша қаражат бөлінген жағдайда «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту шараларымен тағы 46 мыңға жуық азамат қамтылатын болады.

Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамтылу деңгейін сақтау мақсатында қызметкерлерді жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды қоса алғанда, жұмыстан шығаруды жоспарлап жатқан кәсіпорындардың күнделікті мониторингі күшейтілетін болады.

Кәсіпорындармен және экономика салаларымен жұмыс орындарын сақтау туралы меморандумдар жасасу, жұмысшылар ағыны бойынша жол карталарын жасау бойынша жұмыс жалғастырылады.

Тәуекел аймағында орналасқан барлық кәсіпорындар бірінші кезекте еңбекақы бойынша берешекке жол бермеу мақсатында профилактикалық бақылаумен қамтамасыз етілетін болады.

Қорытындылай келе, Б. Нұрымбетов аталған шараларды жүзеге асыру үшін қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуына жедел әрекет ету жөніндегі іс-шаралар жоспарының тиісті жобасы әзірленгенін атап өтті.