Фото: polisia.kz
Қазақстандық полицейлер бопсалаумен айналысқан 20-дан астам жастар тобын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі жастар арасындағы бопсалау фактілерін анықтады. Осы жылы полиция қызметкерлері бопсалаудың 400-ден астам дерегін тіркеді, оның 39-ы мектептер мен колледждерде жасалған.
Оқу орындарында 60 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізілді, онда бопсалау, буллинг және зорлық-зомбылық көрсетумен байланысты мәселелер талқыланды. Мектептер мен колледждерде анонимді сауалнамалар жүргізіліп, оқушылар арасында бопсалаудың 50-ден астам ықтимал фактісі анықталды. Барлық жағдай тексерілетін болады.
Мұндай фактілерді уақытылы анықтап, жолын кесу жасөспірімдер қылмысының алдын алуға ықпал етеді. Жыл басынан бері бопсалаумен айналысатын 23 жастар тобының әрекетіне тосқауыл қойылды.
Мәселен, қыркүйек айында Ақтөбе қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері колледждің кәмелетке толмаған студентін ұстады. Ол 15 жастағы жасөспірімнен 50 мың теңге көлемінде ақша бопсалаған. Күдікті құрықталып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Жамбыл облысында жасөспірім жеке деректерді таратамын деп қорқыту арқылы өз қатарластарынан ақша бопсалаған.
Осындай 8 факт тіркеліп, қылмыстық іс сотқа жіберілді. Петропавл қаласында полиция қызметкерлері жастар тобының мүшелерін ұстады. Олар зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы жәбірленушілерді қарыз рәсімдеуге мәжбүрлеп, кейіннен оны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Күдіктілер қамауға алынды.
ІІМ өкілдері қылмыстың бұл түрі үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.