2021 жылы Қазақстанда онкологиялық аурулардың 36 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 4 мыңға көбірек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша, онкологиялық аурулармен сырқаттану 9,8%-ға өсіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 190,3-ті құрады. Яғни, 2021 жылы 36 мыңнан астам жаңа жағдай анықталды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4 мыңға артық. Мұны 2020 жылы Covid-19 жағдайына байланысты тұрғындардың емханаға бара алмауымен байланыстыруға болады. 2021 жылы емханаға барған тұрғындардың саны көп, скринингтен өткен тұрғындар саны көп», - деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, Қазақстанда 194 мың науқас есепте тұр.
ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Жанғарашеваның айтуынша, онкологиялық аурулармен ауыратындардың негізгі үлесін (59%) еңбекке қабілетті жастағы адамдар құрайды.
«Онкологиялық ауруларды ерте анықтау 27%-ға дейін өсті. Ауру бойынша бірінші орында сүт безі обыры, екінші орында – өкпе обыры, үшінші орында – колоректальды қатерлі ісік, төртінші орында – асқазан обыры, бесінші орында – жатыр мойны обыры тұр. Бізде өлім-жітім 4,7%-ға төмендеді және биыл 13 665 жағдайды құрады. Өлім-жітім құрылымында бірінші орында өкпе обыры, екінші орында – асқазан обыры, үшінші орында – колоректальды қатерлі ісік, төртінші орында – сүт безі обыры тұр», - деп толықтырды Д.Қайдарова.
Спикер Қазақстанда онкологиялық науқастар үшін емдеу тегін екенін еске салды. Оған хирургиялық емдеу, сәулелік терапия, химиотерапия, мақсатты терапия, иммунотерапия кіреді. Жыл сайын науқастарды емдеуге 66 млрд теңгеден астам қаражат қажет.