11 сәу, 2022 сағат 15:18

Қазақстанда 15 сәуірден бастап астық пен ұн экспортына шектеу енгізіледі

Фото:elements.envato.com

15 сәуірден бастап Қазақстан астық пен ұнның экспортына шектеу қояды. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, елдегі бар астық пен ұнның көлемі ішкі қажеттілікті өтеуге жетеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сапаров ішкі нарықтағы тапшылықты жою және ұн тартатын кәсіпорындарды жүктеу үшін шектеу шаралары қажет екенін айтты.

"2022 жылғы 1 сәуірде Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортына квоталарды енгізу туралы шешім қабылдады. Бидайға арналған квотаның көлемі 1 миллион, ұнға 300 мың тонна", - деді Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бірінші вице-министр ішкі нарықтағы нақты жағдайды бағалау үшін министрлік Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі бидай қорын түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

"7 сәуірдегі жағдай бойынша қорлар 118 мың тонна ұнды құрайды, оның ішінде тұрақтандыру қорларында 10 мың тонна, "айналым схемасы" шеңберінде 22 мың тонна, өндірушілерде 48 мың тонна, қоймаларда шамамен 20 мың тонна және сауда объектілерінде 18 мың тонна. Көрсетілген көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар, "Азық - түлік корпорациясының" ресурстарында 800 мың тоннадан астам астық бар, олар қажет болған жағдайда жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілетін болады", - деп толықтырды Айдарбек Сапаров.